
Жобаның меншік құрылымына Эдуард Огайдың компаниялары қатысады. Жер қойнауын пайдалану құқығы «Aidarly Mining» ЖШС-ге тиесілі. Компания жалғыз акционері Эдуард Огай болып табылатын Koksay Holdings Limited құрамына кіреді. Ал жоба операторы «Aidarly Project (Айдарлы Проджект)» АҚ акцияларының 68,95%-ы «Qaz Copper Group» ЖШС-ге тиесілі.
Кен қоры және пайдалану мерзімі
Оңай байытылатын кен қоры 1,8 млрд тоннаны құрайды. Оның құрамында 6,7 млн тонна мыс және 181,7 мың тонна молибден бар. Жоба толық қуатта 28 жыл бойы ашық тәсілмен кен өндіруге есептелген.
Іске қосу және өнім шығару
Байыту фабрикасы үш кезекпен іске қосылады. Әр кезектің қуаты жылына 25 млн тонна, ал кен өңдеудің ең жоғары қуаты жылына 75 млн тоннаға жетеді. Осы кезеңде комбинат жыл сайын мыс концентратының құрамында 226 мың тонна мыс және концентрат құрамында шамамен 3,55 мың тонна молибден өндіреді.
Экономикалық әсері
Кәсіпорын бүкіл жұмыс мерзімі ішінде ел бюджетіне 1,43 трлн теңгеден астам салық түсіреді. Оның шамамен 30 млрд теңгесі өңір бюджетінде қалады.
Жұмыспен қамту
Комбинат толық қуатына шыққанда 3 000-нан астам жұмыс орны ашылады. Оның шамамен 1 800-і комбинаттың өзінде, ал 1 000-нан астамы мердігер және сервистік ұйымдарда құрылады. Жұмысқа қабылдау кезінде Абай облысының тұрғындарына басымдық беріледі.