
Кәсіпкердің үлкен балалары өз жобаларын дамытып, жеке кәсіби жолын қалыптастырып жатса, кішілері білім алуда. Бүгінде Эдуард Огай төрт немере сүйіп отыр.
Оның айтуынша, тәрбиенің негізі — рухани бағдар мен адамгершілік.
«Балаларым өз өмірін құрып, отбасы құрып жатыр. Бірақ рухани өсу туралы ойланатын кез келеді. Бұл — сөзсіз болатын нәрсе. Ал оларға дұрыс жол көрсету — менің басты міндетім», — деп баса айтады ол.
Ол рухани даму арқылы тәртіп пен сабыр, даналық пен еңбекке деген дұрыс көзқарас қалыптасатынына тоқталды. Эдуард Огайдың айтуынша, бүгінде ол үшін ең басты мақсат — балаларының өмірдегі өз орнын тауып, елге лайықты азамат болып өсуіне септігін тигізу.
Өмірлік әрі кәсіби мәселелерді шешуде Эдуард Огай балаларына әрдайым бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетеді. Дегенмен есейген балалары қазірдің өзінде дербес шешім қабылдауға дағдыланған. Мәселен, кәсіпкердің қызы анасы негізін қалаған мектеп жобасының басқару тізгінін алса, ұлы жеке бизнеспен айналысады.
«Бас директор ретіндегі кәсіби табыс жақсы әке әрі жақсы күйеу болудың орнын баспайды — өмірдің осы қырларын үйлестіре білу қажет. Мен үшін басты бағдар — дәл осы тепе-теңдік», — деп түйіндейді Эдуард Огай.